Қалада Полиция күніне орай «Полиция – ел қорғаны» атты салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мерекелік жиынға құқық қорғау органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері және қала жұртшылығы қатысты. Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі ерекше аталып өтті.
Жиын барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды құқық қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.
– Бұл – ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауды өмірлік мұрат еткен азаматтардың мерекесі ғана емес, мемлекет тұрақтылығы мен халықтың қауіпсіздігінің кепілі болып отырған құқық қорғау жүйесіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі. Заң үстемдік құрған тәртіпті қоғамда ғана тұрақтылық пен дамудың берік негізі қаланады. Ал сол тәртіптің сақшысы өздеріңізсіздер. Қала бойынша жалпы саны шамамен 150 мың бейнебақылау камерасы бар. Қоғамдағы тұрақтылық пен тұрғындардың әл-ауқаты қауіпсіздікпен өлшенеді. Заманауи технологияларды енгізу, цифрлық шешімдерді пайдалану, бейнебақылау жүйелерін ары қарай дамыту қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Халық сенімі – ең үлкен марапат, – деді қала әкімі.
Салтанатты рәсім барысында қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарған бірқатар полиция қызметкері қала әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы марапаттарымен марапатталды.
Өз кезегінде Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Тоқтарұлы құқық қорғау саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
– Қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісінің тиімділігін арттыруға және жаңа сын-қатерлерге дер кезінде ден қоюға мүмкіндік беріп отыр. Полиция қызметі жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті, батылдық пен адалдықты талап етеді. Тәуліктің кез келген уақытында халықтың тыныштығын күзетіп, кейінгі буынға адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер, – деді ол.
Мерекелік жиында марапат алғандардың қатарында Алматы қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі Заманбек Тазабеков те болды. Ол құқық қорғау саласындағы қызметінің ерекшелігіне тоқталып, көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.
– Адал қызметіміз үшін Әкімнен марапат алдық. Тергеу саласында 5 жылдан астам еңбек өтілім бар. Қылмысты ашу, оны жан-жақты объективті қарап, тергеп-тексеру қиын. Алматы қаласында барлық полиция қызметі мамандандырылған, – деді тергеуші.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «Алатау серілері» тобы өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше рух сыйлады.
Полиция күніне арналған мерекелік жиын тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапты қызметін дәріптеп, олардың еңбегіне деген құрметтің тағы бір айқын көрінісіне айналды.
Дана САДЫРҚАН