Бүгін Алматы қаласында Халықаралық журналистика және коммуникация бойынша қысқы мектеп кезекті бағдарламасын бастады. Аталған жобаның биылғы 13-ші реткі жиыны ЮНЕСКО жариялаған Дүниежүзілік радио күніне арналған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Халықаралық журналистика және коммуникация бойынша қысқы мектептің кезекті конференциясы «Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы ЖИ ғылымы» деген салмақты тақырыпты көтерген. Журналистикадағы жаңа тенденциялар мен трансформацияларды талдап, әр елдегі тәжірибелерді ортаға салатын жиынға отандық және алыс-жуық шетелдің медиа мамандары қатысуда.
Халықаралық іс-шараны БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігі – Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Ақпараттық бюросы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ, Орталық Азия-Қытай журналистикасын зерттеу қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған.

Қысқы мектеп журналистика саласындағы барлық талапкерлерге бағытталған. Цифрлық радиотехнологияларды қолдануда жаңа білім мен тәжірибелік дағдыларды алмасуды басты мақсат етеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын көрсету және танымал етуде жаңа технологияларды қолдану әдістері мен құралдарын зерделеуді көздейді.
21 ақпанға дейін жалғасатын іс-шараға еліміздің әр өңірінен және Орталық Азиядағы көршілес елдерден, сонымен қатар Қытай, Ауғанстан, Бангладеш сынды алыс-жуық шетелдерден де студенттер, магистранттар мен доктаранттар қатысуда.