Алматыда бүйрек үсті безінің цистаденомасы бар пациентке сәтті операция жасалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүйрек үсті безінің цистаденомасы – бұл қатерсіз жылауықты түзіліс, ол ауру пайда болған ерте кезеңдерінде, әдетте, клиникалық белгілері болмайды және жиі кездейсоқ жағдайда анықталады – деп ескертеді дәрігерлер.
Клиникалық тәжірибеде дәл осындай жағдай 64 жастағы пациентте болды, ол №7 қалалық клиникалық ауруханаға сол жақ бел аумағындағы тұрақты, әлсіз сыздаған ауырсыну шағымдарымен келді. Ауырсыну синдромының себебін анықтау үшін бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу жүргізілді, тексеру барысында үлкен жылауық түзіліс анықталды. Диагнозды нақтылау мақсатында пациентке іш қуысы ағзаларына компьютерлік томография тағайындалды, аспаптық зерттеу нәтижелері бойынша сол жақ бүйрек үсті безінің жылауықты түзілісі анықталды.
Пациентке № 7 қалалық клиникалық аурухананың 2-хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор М.М.Сахипов тексеріп-қарады. Пациентке жүргізілген кешенді тексерудің қорытындысы бойынша жедел емдеу ұсынылды. Мамандардың айтуынша, бүйрек үсті безінің цистаденомасы көптеген жағдайларда кездейсоқ анықталады.
Бұл патологияны анықтаудың қиындығы белгі бермеуінде, бүйрек үсті бездерінің басқа көлемді түзілімдерімен дифференциалды диагностиканың қажеттілігімен, сондай-ақ ісіктің гормондық белсенділігі болмауына байланысты.
«Операцияның техникалық жағынан күрделілігі ісіктің тікелей анатомиялық орналасуына байланысты. Жылауық ішперде арты кеңістігінде орналасқан және өмірлік маңызды құрылымдарға – көкбауырға, ұйқы безіне, бүйрек артериясы мен көк тамырға, сондай-ақ қолқаға жақын орналасқан. Мұндай операцияларды жүргізу топографиялық анатомияны жетік білуді, жоғары дәлдікті және аз инвазивті хирургиялық технологияларды білікті меңгеруді талап етеді», – деп атап өтті профессор Мұса Меңдібайұлы Сахипов.
Операция МӘМС шеңберінде тегін жасалды.
Пациент «Жетінші» клиниканың дәрігерлеріне шын жүректен алғысын білдірді, №7 қалалық клиникалық аурухананың хирургиялық қызметі еліміздегі жетекші үздік клиникаларының бірі және хирургиялық қызметі заманауи технологияларды кеңінен қолданады деген пікірін білдірді.
Дәрігерлердің уақтылы диагностикасы мен кәсіби біліктілігінің арқасында операция сәтті өтті, ал пациент өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.