Алматыда 1 қыркүйекке дейін 8 жаңа мектеп ашылып, жұмыс істеп тұрған білім беру нысандарындағы жөндеу жұмысы толық аяқталады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
133 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, отбасыларға балаларын оқу жылына даярлауға көмек көрсетіледі. Қала мектептеріндегі тағы бір елеулі өзгеріс – жасанды интеллектінің егзізіле бастауы. Алматының жаңа 2026–2027 оқу жылына даярлығы мен «Мектепке жол» акциясының барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қалалық Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев айтып берді.
Алматыда қазір білім беретін 1 828 ұйым жұмыс істейді. Оның қатарында балабақшалар, мектептер, колледждер мен қосымша білім беретін ұйымдар бар. Бұл мекемелерде жалпы саны жарты миллионға жуық бала білім алады.
Биыл 356 968 оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Бұл былтырғыдан 7 670 балаға көп. Мектептің саны да қатар өсіп келеді: қалада қазір 362 орта білім беру ұйымы бар. Оның 235-і мемлекеттік те, 127-сі жеке меншік мектеп екен.
Соңғы бір жылда Алматыда мемлекеттік мектептің саны 10-ға көбейіп, жаңа оқушы орнының жалпы саны 13 450-ге артқан.
«Алматы өсіп, бала саны да артып барады. Жаңа оқу жылында мектептерде 356 мыңнан астам бала білім алады. Сондықтан жаңа ғимараттарды ашып қана қоймай, балалардың оқуына қолайлы жағдай жасап, мектептің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеуге тырысып жатырмыз», – дейді Сәкен Аралбаев.
Биыл күзде бірінші сыныпқа шамамен 31 мың бала қабылданбақ. Қазіргі таңда 28 806 бірінші сынып оқушысы қабылданды: оның 26 100-і мемлекеттік мектепке, 2 706-сы жеке меншік мектепке барған.
Колледжге де қатар қабылдап жатыр. Биыл қала мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 17 173 орын бөлді. Алайда талапкер саны көп: қазірдің өзінде 23 251 өтініш түскен. Құжатты 27 тамызға дейін тапсыруға болады.
Осы оқу жылында 11 мыңнан астам оқушы 8 жаңа мектепте білім алады. Сонымен қатар 1 қыркүйекке дейін №60, №160 пен №124 мектеп, сондай-ақ №15 интернат қайта ашылады. №15 интернаттың ескі ғимараты сүріліп, орнына жаңа ғимарат салынды. №112 мен №16 мектеп жаңа қосымша ғимаратпен жұмысын бастайды.
Биыл жазда 164 мектепте жөндеу жұмысы жүргізілді. Білім басқармасының мәліметінше, барлық жұмыс аяқталған. Қазір мектептердің 90 пайызы жылу маусымына дайын. Қалған мектептегі жұмыс 25 тамызға дейін аяқталады.
Алматыда 2026–2029 жылдарға арналған мектептерге жасанды интеллектіні енгізу бағдарламасы іске қосылады. Шілде айынан бастап қаладағы 10 мектепте ЖИ сервисі сынақтан өтіп жатыр. Оның қатарында мұғалімнің цифрлық көмекшісі, оқушыға арналған ЖИ-тьютор мен аналитикалық жүйелер бар.
Алдағы уақытта мұндай технологияны кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – жасанды интеллект арқылы педагогтердің күнделікті қайталанатын жұмысының бір бөлігін азайту. 2029 жылға қарай мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін шамамен 30 пайызға қысқарту көзделген. Сонымен қатар оқушыларды жасанды интеллектімен оқу модульдері, олимпиадалар, хакатон, жеке жобалармен таныстырмақшы.
Тағы бір жаңа жүйе – SANA. Ол педагогтердің оқу жүктемесін, жалақы есептеуді, жұмыс уақытының табельдері мен қызметкерлер туралы нақты деректерді автоматты түрде салыстыруы тиіс.
«Мұғалім балалармен жұмыс істеп, мектеп директоры білім сапасына көңіл бөлуі керек. Олар бітпейтін кесте жасап, есеп толтырумен айналыспауы тиіс. SANA жүйесі сәйкессіздіктерді автоматты түрде анықтауы керек. Мысалы, қосарланған жалақы, артық сағат пен іс жүзінде жұмыс орнында жоқ қызметкерлерді. Бұл бюджеттің ашықтығы мен мектеп жұмысын дұрыс ұйымдастыру мәселесі. Қолмен істелетін күнделікті жұмыс неғұрлым аз болса, білім беруге соғұрлым көп уақыт қалады», – деді Сәкен Аралбаев.
Мектепке қатынауы қиын балалар, сондай-ақ жөндеу жұмысына байланысты уақытша жабылған мектептердің оқушылары үшін 287 мектеп автобусы жұмыс істейді. Олар 64 мектептен 13 мыңнан астам баланы тасымалдайды.
Оқушылардың оқу кестесінде де өзгеріс болады. 5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8–11 сынып оқушылары үшін «Заң мен тәртіп» курсы енгізіледі. Сонымен қатар «Жеке қауіпсіздік» курсы жалғасады. Бұдан бөлек, «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы енгізіле бастайды.
Қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Барлық 202 мемлекеттік балабақша мен 235 мемлекеттік мектеп камерамен, дабыл түймесімен және басқа да қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Барлығы 21 мыңнан астам цифрлық камера орнатылған. Олар, сондай-ақ дабыл түймелері Бірыңғай ахуалдық орталық пен полицияның жедел басқару орталығына қосылған.
Сонымен қатар оқу жылы басталар алдында мектептерде мұғалім тапшылығы әлі де бар. 17 тамыздағы жағдай бойынша 654 бос жұмыс орны ашық тұр. Әсіресе математика, бастауыш сынып пен орыс тілі пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Қосымша қажеттілік, оның ішінде жаңа мектептің ашылуына байланысты пайда болды. Қала бұл мәселені педагогикалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп шешуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар 2027–2030 жылдарға арналған әкімдік гранттары бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Мектепке дайындықтың тағы бір маңызды бағыты – баласын 1 қыркүйекке өз бетінше дайындауға қиналатын отбасыларға көмек көрсету. Биыл «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы осындай қолдауға 460 миллион теңге бөлінді. Көмекті 7 669 бала – жетім балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары мен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары алады. Алматыда бір балаға 60 мың теңге төленеді. Қаражат ата-аналарға тікелей аударылады, осылайша олар қажетті мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өздері сатып ала алады.
Сонымен қатар республикалық «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Аудан әкімдіктерінің демеушілік көмегі есебінен тағы 8 660 балаға қолдау көрсету жоспарланған. 17 тамызда 3 968 оқушыға жалпы сомасы 98 миллион теңге болатын мектепке керек-жарақ пен басқа да нәрсе алу үшін көмек көрсетілді.
«Бала үшін 1 қыркүйек оның мектеп формасы, аяқ киімі немесе дәптері бар ма деген алаңдаушылықпен басталмауы керек. Сондықтан отбасыларға көмек көрсету біз үшін оқу жылы қарсаңындағы жай ғана формалды акция емес. Біздің міндетіміз – әр оқушының 1 қыркүйекке толық дайын болып, өзін басқа балалармен тең сезінуін қамтамасыз ету», – деді Сәкен Аралбаев.
Жаңа оқу жылында 133 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 балаға көп. Тегін тамақпен 1–4 сыныптардың барлық оқушылары, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жоғары сынып оқушылары қамтамасыз етіледі.
Бастауыш сынып оқушысына арналған бір түскі астың құны күніне 800 теңгені құрайды. Жалпы, Алматыда 2026 жылы мектептегі тамақтануға 15,7 миллиард теңге қарастырылған.