Шаһардағы А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада қоғам қайраткері, ақын, жазушы, лингвист-ғалым, дипломат, Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған әдеби-мәдени кеш өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кештің мақсаты – қаламгердің рухани мұрасын жастарға жеткізу, оның шығармашылық жолын дәріптеу.
Кешке Олжас Омарханұлы денсаулығына байланысты қатыса алмады. Дегенмен ақын, жазушы, кинодраматург Бақытжан Қанапиянов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түрксой Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сынды ізін басқан қаламгер іні-әріптестері арнайы келіп, жастарға тағылымды әңгімелер айтып берді.
«Олжас Омарханұлын жас кезімізден оқып өстік. Кейін қызметтес болдық. «Семей-Невада» қозғалысында да бірге, басы-қасында жүрдік. Қаншама ғасырлардан келе жатқан «біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз?» деген секілді бір сұрақтар болады. Сол сұрақтарға жауап іздеген адамдар да аз емес. Көбі жауап таба алмайды. Ал біздің заманымызда сол сұраққа жауап тапқан бірден-бір адам болса, ол – біздің Олжас Сүлейменов. Сонау Гильгамештен, анау шумерден бастап зерттеп, біздің түбіміздің, тіліміздің түп тамыры қайда жатқанын тауып жүрген адам. Тіпті, біздің қазақтың тілінің түп тамырын анау фараондардың тілінен де тауып отыр. Қазақтың рухын өзінің асқақ өлеңдерімен оятты. Жалпы Олжекеңнің жұлдызы «Арғымақ», «Адамға табын жер енді» атты шығармалары жарық көргенде жарқырады десек болады. Бір «Арғымағының» өзіне ақынның еркіндік пен жаңашылдық рухқа толы өлеңдері енген. Өзін танығысы келетін бүгінгі жастарға осындай кітаптарын оқуға кеңес беремін», – деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Кітапханашы Айнұр Балаубаева ұйымдастырған тағылымды кеште Олжас Омарханұлының кітапхана қорында сақталған кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Сахна тілі» кафедрасының студенттері ақын құрметіне арнап «Дара тұлға» атты сахналық көрініс ұсынды. Болашақ актерлерге беделді ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Әшімованың «Алғыс хаты» табысталды.
Нұржамал ӘЛІШ