Almaty Gallery Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени, кәсіби шығармашылық ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы Өзбекстан суретшілерінің «Реализмнен заманауи көркемдік эксперименттерге дейін» атты халықаралық көрмеcін ұсынды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Көрмені Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Өзбекстан Көркемсурет академиясы, Өзбекстан Суретшілер одағы және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы ұйымдастырды.
Алматының мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналған, екі мемлекет арасындағы халықаралық мәдени диалогты кеңейтуге бағытталған экспозицияға Ташкент, Самарқан, Бұхара, Ферғана, Қоқан, Әндіжан, Жызақ, Нөкіс, Ангрен, Бекабад және Өзбекстанның басқа да қалалары мен өңірлерінен келген 40 автордың 63 туындысы енген.

– Бұл көрме – екі ел үшін де аса маңызды оқиға. Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениетінде ортақ тұстар көп. Біз бір-бірімізді аудармашысыз-ақ түсінеміз. Екі елдің суретшілеріне де жақын, ортақ тақырыптар аз емес. Сондықтан мұндай байланыстарды нығайту маңызды, – деді көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.
Қос мемлекет арасында көрмеалмасу жұмыстары 70-жылдардан бері өткізілмеген екен. Әрине, суретшілер түрлі мәдени іс-шараларда үнемі жүздесіп жүрген. Алайда екі елді жалғастыратын бүгінгідей ауқымды, халықаралық көркемдік жобалар болмаған. Ал 2019 жылы қазақстандық суретшілер өз туындыларын Өзбекстанда таныстырған.
– Енді біз де шығармаларымызды Алматыда таныстырып жатқанымызға қуаныштымыз. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы ауқымды көрме. Мұнда тек Ташкенттің ғана емес, еліміздің Самарқанд, Бұхара, Қоқан және басқа да қалаларынан шыққан шеберлердің туындылары ұсынылған, – деді Өзбекстан Суретшілер одағының төрағасы Ибрагим Валиходжаев.
Экспозицияда дәстүрлі реалистік бағыттардан бастап қазіргі заманғы көркемдік эксперименттерге дейінгі Өзбекстанның заманауи бейнелеу өнерінің алуан түрлілігі көрініс тапқан. Көрермендерге түрлі жанрлар мен көркемдік бағыттардағы кескіндеме туындылары ұсынылған.

Көрмеде өзіміздің өнер майталмандарымен бірге, Өзбекстанның халық және еңбек сіңірген суретшілері, Өзбекстан Көркемөнер академиясының академиктері, сондай-ақ көркемөнер саласының көрнекті өкілдері бой көрсетті. Сонымен қатар, жас буын өкілдері де бар.
Өзбекстан суретшілерінің көрмесі келушілерге Өзбекстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнерімен жақынырақ танысып, ел суретшілерінің шығармашылық ізденістерін бағалауға мүмкіндік береді. Көрме экспозициясы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға және суретшілер арасында кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасуға жол ашады деген сенім бар.

Аталмыш көрме Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарасты Almaty Gallery төрінде 14 қыркүйекке дейін тұрады.
Нұржамал ӘЛІШ