ҚР СІМ-нің Алматы қаласындағы Өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Арыстанқызы Аренова Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған жиында сөз сөйлеп, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің стратегиялық әріптестігі, өңірлік трансформация және жаһандық трендтердің ықпалы туралы кеңінен тоқталды. Спикердің айтуынша, қазіргі кезеңде аймақ елдерінің өзара ықпалдастығы экономикалық, көлік-логистикалық және қауіпсіздік тұрғысынан ерекше маңызға ие, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі атынан сөйлеген Алмаша Аренова Ұлттық ғылым академиясы ұжымын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, академияның бастауында ұлттың көрнекті ғалымы, «Ғасыр адамы» атанған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тұрғанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы қабылданар тұста Ұлттық ғылым академиясы жанынан «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығының ашылуын және Орталық Азияның стратегиялық мақсаттарына арналған кітаптар топтамасының тұсаукесерін өңір үшін маңызды оқиға ретінде бағалады. Оның сөзінше, бұл бастамалар ғылыми, білім беру және мәдени байланыстарды нығайтып, ортақ коммуникациялық алаң қалыптастыруға ықпал етеді.

Спикер Орталық Азияның геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан ерекше маңызға ие екенін айтып, өңірдің ірі державалар мен аймақтық серіктестердің экономикалық, саяси және көлік мүдделері тоғысатын кеңістікке айналып отырғанын жеткізді. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қытай арасындағы әріптестіктің негізінде ортақ тарихи сабақтастық, ұқсас әлеуметтік-экономикалық міндеттер және жаһандық өзгерістер жағдайындағы интеграцияны тереңдетуге деген ұмтылыс жатқанын атап өтті.
«Қазақстан және Орталық Азия елдері геосаяси тұрғыдан аса маңызды аймақта орналасқан. Бұл өңір ірі державалар мен аймақтық серіктестердің экономикалық, көлік және саяси мүдделері тоғысатын кеңістікке айналуда. Мұндағы стратегиялық әріптестік тек географиямен ғана емес, ортақ тарихи негізбен, ұқсас әлеуметтік-экономикалық міндеттермен және жаһандық өзгерістер кезеңінде интеграцияны тереңдетуге деген ұмтылыспен айқындалады. Орталық Азияның стратегиялық маңызы оның геосаяси орналасуымен, табиғи ресурстарымен және өңірлік кооперация әлеуетімен тікелей байланысты. Өңір Ресей, Қытай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия арасындағы маңызды кеңістікте орналасқан. Ол негізгі көлік дәліздерінің торабында тұр, соның ішінде Ұлы Жібек жолының бағыттары да осы аймақ арқылы өтеді. Сонымен қатар, Орталық Азия мұнай, газ, уран секілді энергетикалық және критикалық минералдарға бай. Қазақстан уран экспорттаушы жетекші мемлекеттердің бірі әрі ірі мұнай өндіруші ел ретінде бүкіл өңірдің энергетикалық стратегиясына ықпал етеді», – деді ол.
Баяндамашы өңір ішіндегі стратегиялық әріптестікті дамытуда интеграциялық үдерістер мен аймақтық бастамалардың рөлі жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, энергетика, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп, көлік және логистика бағыттарындағы бірлескен жобалар жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Теміржолдар мен халықаралық дәліздерді жаңғырту, су және электр энергиясы ресурстарымен тиімді алмасу – орнықты дамудың негізгі алғышарттарының бірі.
Алмаша Аренова соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттері екіжақты және көпжақты байланыстарды белсенді дамытып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанның аймақтық кооперацияның маңызды қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол экономиканы әртараптандыру мәселесі өңір елдерінің барлығы үшін басты басымдыққа айналғанын айтты. Қазақстан ресурстық әлеуетін өңдеуші өнеркәсіп, транзиттік мүмкіндіктер және жоғары технологияларды дамытуға бағыттап отырса, өзге елдер де энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.
Баяндамашының айтуынша, өңірдегі әлеуметтік трансформация да айқын байқалады. Ішкі және өңіраралық көші-қон еңбек нарығына ықпал етіп, ауылдық жерлерден қалаларға жұмыс күші ауысуда. Ал ғылыми, білім беру және мәдени алмасулардың қайта жандануы Орталық Азияда ортақ коммуникациялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Спикер жаһандық трендтердің ықпалына да арнайы тоқталды. Оның пікірінше, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы өңірдегі көлік-логистикалық байланыстарды күшейтіп, инвестициялық белсенділікті арттырды. Сонымен қатар Ресеймен тарихи, экономикалық және әлеуметтік байланыстар сақталып отыр. Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ, АҚШ және Парсы шығанағы елдері де энергетика мен сауда салаларында аймақтағы экономикалық қатысуын кеңейтіп келеді.
Алмаша Аренова сөз соңында өңірлік интеграцияны күшейту, «жасыл» экономикаға көшу, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, энергия тиімді технологияларды енгізу және цифрлық экономиканы ілгерілету алдағы кезеңдегі басты бағыттардың бірі болатынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан өзінің экономикалық әлеуеті мен белсенді сыртқы саясатының арқасында өңірлік транзит пен кооперацияның негізгі орталығына айналу мүмкіндігіне ие.
Қорытындысында спикер Қазақстан мен Орталық Азия елдері қазіргі таңда жаһандық трендтер мен ұлттық стратегиялық міндеттердің тоғысқан тұсында тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл әріптестік тек экономикалық байланыстармен шектелмейді, сонымен қатар қауіпсіздік, орнықты даму және халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастықты талап ететін ортақ жауапкершілікті де қамтиды.