Жатыр мойны обырын көп жағдайда алдын алуға болады. Аурудың профилактикасындағы маңызды қадамдардың бірі — адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы уақтылы вакцинациялау, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Құлагер» БМСКК орталығының акушер-гинекологы Гүлшат Қанапиеваның айтуынша, АПВ-ның кейбір түрлері обыр алды өзгерістер мен жатыр мойны обырының дамуына себеп болуы мүмкін. Бұл ретте инфекция көбіне ешқандай белгісіз өтеді, сондықтан адам өзінің жұқтырғанын ұзақ уақыт бойы білмеуі мүмкін.
Вакцинация жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізілгенде барынша тиімді. Сондықтан жасөспірім қыздарды қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда жоспарлы иммундау 11 жастағы қыздарға жүргізіледі. Сондай-ақ 12–13 жастағы қыздарға арналған толықтырушы вакцинация қарастырылған. 2026 жылы 14–17 жас аралығындағы қыздарға қосымша ерікті вакцинация жүргізу ұйымдастырылды.
Вакцинаның құрамында тірі вирус жоқ, сондықтан ол АПВ инфекциясын жұқтыруға себеп болмайды. Екпе алдында бала медициналық тексеруден өтеді, ал вакцинация қажетті ақпараттандырылған келісім алынғаннан кейін жүргізіледі.
Уақтылы вакцинациялау — болашақ ұрпақтың денсаулығына қосылған маңызды үлес. Ата-аналарға АПВ профилактикасы туралы кеңес алу және толық ақпарат білу үшін өз емханасына жүгіну ұсынылады.