Алматы қаласының 2026 жылға арналған нақтыланған жергілікті бюджеті 2 трлн 806,4 млрд теңгені құрайды. Қосымша қаражаттың негізгі бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, көлік және абаттандыру салаларына бағытталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы мәслихат сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құдайбергенов баяндады.

Экономикалық өсім мен қаржылық тұрақтылық
Баяндамашының айтуынша, бюджетті нақтылау ішкі қайта бөлу есебінен жүзеге асырылып отыр. Қаланың қаржылық тұрақтылығы экономикадағы оң динамикамен қамтамасыз етілген.
«2025 жылы Алматы қаласы экономикасының серпінді дамуы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қаңтар айында қысқа мерзімді экономикалық индикатордың индексі 104,2 пайызды құрады», — деді Бауыржан Құдайбергенов.
2026 жылы жалпы өңірлік өнімнің өсімі 6 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Бұл:
өңдеуші өнеркәсіпте – 6%,
құрылыста – 17%,
саудада – 6%,
көлік саласында – 9,5% өсім есебінен қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік салаға басты басымдық беріледі
Бюджетті нақтылау аясында әлеуметтік салаға қосымша 23,3 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде:
білім беру саласына – 13,3 млрд теңге.
«Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету Алматы қаласының бюджет саясатының басты басымдықтарының бірі болып қала береді», — деді баяндамашы.
Білім беру инфрақұрылымы
Оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін бірқатар ірі жобалар қаржыландырылды:
Түрксіб ауданында 2 мың орындық мектепті сатып алуға – 2,5 млрд теңге
Алмалы, Алатау, Жетісу, Наурызбай аудандарында 4 мектеп пен 340 орындық жатақхананы аяқтауға – 2 млрд теңге
Бостандық ауданындағы «Дарын-1» шағынауданында 900 орындық шығармашылық мектепке – 3,3 млрд теңге
№198 мектепке 600 орындық қосымша құрылысқа – 1 млрд теңге
«Нұркент» шағынауданындағы гимназияға 450 орындық қосымша ғимаратқа – 800 млн теңге
Сонымен қатар, мамыр айында «Алғабас» шағынауданында жатақханасы бар инновациялық техникалық колледж пайдалануға беріледі. Жобаны аяқтауға 1,3 млрд теңге бөлінген.
Денсаулық сақтау: перзентхана мен емхана жайы
Денсаулық сақтау саласы да бюджетті нақтылаудағы маңызды бағыттардың бірі болды. Жалпы 4,4 млрд теңге қарастырылған.
Негізгі жобалар:
№2 қалалық перзентхананың жаңа ғимаратының құрылысы
«Шұғыла» шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория
Аталған жобаларға 3,6 млрд теңге бағытталған.
Мәдениет пен туризм
2026 жылы Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қайта жаңғырту және қосымша құрылыс жұмыстары аяқталады. Жобаға 3,5 млрд теңге бөлінген.
Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында:
Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолына – 665 млн теңге
Медеу табиғи паркін көріктендірудің бастапқы кезеңіне – 2 млрд теңге қарастырылды.
Көлік және жол инфрақұрылымы
Көлік саласындағы жобаларға қосымша 19,7 млрд теңге бөлінеді.
2026 жылы:
Төле би көшесін ұзарту жұмыстары толық аяқталады – 13,6 млрд теңге
Саин және Оңғарсынова көшелерін ұзарту – 1,6 млрд теңге
Қоғамдық көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру үшін:
«Көкжиек», «Саялы-2», «Жас Қанат» шағынаудандарында 3 аялдау-айналма алаңы салынады.
Абаттандыру және қалалық орта
Бюджетті нақтылау аясында абаттандыруды қаржыландыру үлесі 5,2%-ға артты.
Қаражат:
қаланың 9 көшесін кешенді жаңғыртуға,
6 аудандағы 159 ғимаратты сәулеттік-сәндік жарықтандыруға бағытталады.
Бұл мақсатқа қосымша 5 млрд теңге бөлінуі жоспарланып отыр.
«2026 жылға арналған нақтыланған бюджет Алматы қаласын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды жобаларды кідіріссіз іске асыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Бауыржан Құдайбергенов.